Ақмола облысында Макинск құс фабрикасының ашылуы өтті
28 Сентября 2018
Ақмола облысында Макинск құс фабрикасының ашылуы өтті

Ақмола облысының Бұланды ауданында қуаттылығы жылына 25 000 тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының (бұдан әрі – Жоба) бірінші кезегі іске қосылды. Кәсіпорынның салтанатты ашылуы үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегінде жоғарыда аты аталған ауданның әкімшілік орталығы – Макинск қаласында өтті, бұл қала Астанадан екі жүз шақырым жерде орналасқан. Құны 45,6 млрд. теңгені құрайтын жобаның қатысушылары қазақстандық және шетелдік инвесторлар, атап айтқанда: Aitas KZ Холдингі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, «Вaiterek Venture Fund» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның (бұдан әрі – ҚДБ) кредиттік желісі.

Макинск құс фабрикасының бірінші кезегі тоғыз өндірістік алаңды қамтиды, соның ішінде: инкубатор; әрқайсысында он екі құс қорасы бар төрт бройлерлік; құс етін өңдеу зауыты; қалдықтарды қордаландыру желісі; қосалқы алаң (төсем өндіру цехі); жемшөп өндіру цехі. Қазіргі таңда инкубатор өз жұмысын бастады, мұнда ү.ж. 2 қыркүйегінде алғашқы 300 000 жұмыртқа салынды. Фабриканың бірінші кезегіндегі қалған алаңдар үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылатын болады.   

Ұқсас қуаттылықпен (жылына 25 000 тонна құс еті) екінші кезекті іске қосқаннан кейін, бұл шара 2020 жылдың екінші жартысына жоспарланған, Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемдері бойынша Орталық Азия өңірінде ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ, мұнда өңдеу қуаттылығы сағатына 9 000 бройлерге дейін жетеді деп көзделуде. Фабрика шығаратын негізгі өнім – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезекті іске қосқаннан кейін, кәсіпорынның қуаттылығы Қазақстанның құс етіне деген ішкі нарықтың қажеттілігін 15%-ға дейін қанағаттандыруға мүмкіндік береді (2017 жылы елдегі құс етін тұтыну 341 000 тоннаны құрады), бұл, өз кезегінде, өнімнің импорттау үлесін қазіргі 50,4%-дан 32,6%-ға дейін қысқартуға жол береді.

Aitas KZ компаниясының бас директоры және құрылтайшысы Серік Толықпаев Жобаны дамытудың ортамерзімді перспективалары жайлы ой бөлісті: «Макинск құс фабрикасы – бұл әлемдік құс шаруашылығының бенчмаркі. Менің ойымша, жабдық жеткізушілері оның қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін өзінің әлеуетті клиенттерін бізге әкелетін болады. Ең үздік жабдық, ең үздік тәжірибе».

Сонымен қатар, ол стратегиялық жоспарда 2023 жылы қуаттылығы жылына 100 000 тонна құс етін өндіретін Макинс құс фабрикасының ІІІ-ші кезегін іске қосу көзделгенін атап өтті. Бұл мақсатта қосымша 100 миллион доллар инвестиция салынады. Ортамерзімді перспективада компания ІPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Макинск құс фабрикасы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының нарықтарына бағдарланған, ең алдымен, Астана және Қарағанды қалаларына, мұнда өндірілетін тауық етінің 60% дейін өткізу жоспарланған.   

Құс фабрикасының аумағында орналасатын барлық ғимараттардың жалпы ауданы 227 366,88 м2 құрайтын болады. Кәсіпорында биоқауіпсіздік пен өндірістің экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою және ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады.  

«Aitas KZ» АҚ – бұл вертикальды-интеграцияланған Холдинг, өз құрамында өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу саласындағы кәсіпорындарды біріктіреді. Холдинг құрамына 11 компания кіреді, оның ішінде жылына 25 000 мың тонна ет өндіру қуаттылығымен бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша табысты заманауи кәсіпорын – Өскемен құс фабрикасы және Макинск құс фабрикасы, оның қуаттылығы 2020 жылы жылына 50 мың тонна ет өндіруге дейін жетеді (2020 жылға дейін қуаттылығы жылына 25 000 мың тонна ет).